«Балаларға қосымша білім беру бойынша қосымша білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау және оқуға қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызметтің қағидасы
1-тарау. Жалпы ережелер
1. «Балаларға қосымша білім беру бойынша қосымша білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау және оқуға қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызметтің осы қағидасы» «Мемлекеттік қызмет көрсету туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі — Заң) 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және қосымша білім беру ұйымдарына және жалпы орта білім беру ұйымдарына (бұдан әрі — көрсетілетін қызметті беруші) құжат қабылдаудың тәртібін анықтайды.
2. «Балаларға қосымша білім беру бойынша қосымша білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау және оқуға қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызметті балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары, жалпы орта білім беру ұйымдары (бұдан әрі — көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.
2-тарау. Мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі
3. Мемлекеттік қызметті алу үшін жеке тұлғалар (бұдан әрі — көрсетілетін қызметті алушы) көрсетілетін қызметті берушіге қағаз жүзінде немеесе жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы және (немесе) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі — Мемлекеттік корпорация) арқылы осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес «Балаларға қосымша білім беру бойынша қосымша білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау және оқуға қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызметке қойылатын негізгі талаптар тізбесінің (бұдан әрі – Негізгі талаптарды тізбесі) 8-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынады.
Мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі Қағидаларға қосымшаға сәйкес баяндалған. Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда — ҚР Оқу-ағарту министрінің 02.08.2025 № 199 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
4. Көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі, Мемлекеттік корпорация қызметкері өтінішті қабылдауды жүзеге асырады, құжаттардың толықтығын тексереді және негізгі талаптар тізбесіне 2-қосымшаға сәйкес электрондық нысанда қолхат рәсімдейді.
Мемлекеттік корпорация қызметкері ата-анасының (немесе өзге де заңды өкілдерінің) жеке басын куәландыратын құжаттары және баланың туу туралы куәлігі ақпаратты «электрондық үкімет» шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.
Көрсетілетін қызметті алушы негізгі талаптар тізбесінің 8-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың толық емес топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда көрсетілетін қызметті беруші немесе Мемлекеттік корпорация қызметкері өтінішті қабылдаудан бас тартады және негізгі талаптар тізбесіне 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.
Мемлекеттік корпорация арқылы жүгінген жағдайда қабылдау күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.
Мемлекеттік корпорация қызметкерінің құжаттар топтамасын көрсетілетін қызметті берушіге жіберуі өтінішті қабылдаған күннен бастап курьер арқылы 1 (бір) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда — ҚР Оқу-ағарту министрінің 02.08.2025 № 199 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
4-1. Көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі көрсетілетін қызметті алушылардың қабылданған өтініштерін берілген күні мен уақыты бойынша хронологиялық тәртіппен тіркейді. Ескерту. 4-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Білім және ғылым министрінің 01.03.2022 № 68 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
5. Балалар музыка, балалар көркем мектептерін, балалар өнер мектептерін және көркем-эстетикалық бағыттағы мектептерді қоспағанда, балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау оқуға қабылдау туралы өтінішті ресімдеу тәртібімен жүзеге асырылады.
Балалар музыкалық, балалар көркем мектептеріне, балалар өнер мектептеріне және көркем-эстетикалық бағыттағы мектептерге қабылдау әңгімелесу нәтижесі бойынша жүзеге асырылады.
Әңгімелесу барысында педагог балалардың өнердің әртүрлі түрлері (музыкалық, бейнелеу, хореографиялық, театрлық) саласындағы қабілеттерінің даму деңгейін анықтайды. Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 01.09.2022 № 387 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
5-1. Бос орындар болған жағдайда көрсетілетін қызметті берушілерді хабардар ету бойынша күнтізбелік жыл ішінде қосымша қабылдау осы Қағидалардың 5-тармағында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беруді көрсетілетін қызметті беруші Мемлекеттік корпорацияға өтінішті алған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде курьерлік байланыс арқылы жүзеге асырады. Ескерту. 5-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Білім және ғылым министрінің 01.03.2022 № 68 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
5-2. Ішкі істер органдарында есепте тұрған девиантты мінез-құлықты балалар басым тәртіппен проактивті форматта балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарына қабылданады. Қосымша білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілеріне мемлекеттік көрсетілетін қызмет проактивті тәсілмен, қызметті берушінің бастамасымен көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланысының абоненттік құрылғысының телефон нөмірін www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталында тіркеген кезде көрсетілетін қызметті берушінің және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы, проактивті жолмен көрсетілуі мүмкін және оған:
1) қосымша білім беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуге сұрау салумен көрсетілетін қызметті алушыға автоматты хабарламалар жіберу;
2) проактивті қызметті көрсетуге көрсетілетін қызметті алушының келісімін алу, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушыдан өзге де қажетті, оның ішінде көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланысының абоненттік құрылғысының көмегімен шектеулі қолжетімді мәліметтерді алу енеді.
Көрсетілетін қызметті алушыдан жауапты күту мерзімі сұрау салуды алған сәттен бастап жиырма төрт сағатты құрайды. Ескерту. 2-тарау 5-2-тармақпен толықтырылды — ҚР Оқу-ағарту министрінің 02.08.2025 № 199 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
6. Көрсетілетін қызметті беруші «Мемлекеттік қызмет көрсету туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес ақпараттандыру саласында уәкілетті орган белгілеген тәртіп бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызмет кезеңі туралы ақпараттық жүйеге мәліметтер енгізуді қамтамасыз етеді.
6-1. «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 5-тармағына, 14-бабының 3-тармақшасына, 23-бабына сәйкес орталық мемлекеттік орган өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға сәйкес жаңартады және көрсетілетін қызметті берушілерге, Бірыңғай байланыс орталығына, Мемлекеттік корпорацияға жолдайды. Ескерту. 2-тарау 6-1-тармақпен толықтырылды — ҚР Оқу-ағарту министрінің 02.08.2025 № 199 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
